Untitled Document

Күннің тарихы... Шабан айы

Дініміз білдірген қасиетті айлардың екіншісі – Шабан айы. Аллаһу та’ала құлдарына аса мейірім танытқандықтан, тіпті ананың баласына деген мейірімінен де артық мейірімді болғандықтан, кейбір күндер мен кейбір айларды қасиетті қылған.

Бұл қасиетті айлар мен күндердегі ғибадаттарға, жақсылықтарға өте көп сауап беретінін білдірген. Сондықтан бұл күндері тәубе етіп, истиғфар айту керек, дұға етіп, жалбарыну керек, бұл күндерді үлкен мүмкіншілік деп білу керек.

Біз үшін үлкен мүмкіншілік болған қасиетті айлардың бірі – Шабан айы. Аллаһу та’ала Шабан айын пайғамбарымызға тән қылған. Хадис шәрифтерде бұл айдың маңызы былай білдірілген:

«Шабан шәриф менің өзіме тән болған ай. Хақ та’ала Арштың періштелеріне былай деп бұйырады: “Ей менің періштелерім, көрдіңдер ме, менің құлдарым хабибімнің (сүйіктімнің) айына қалай тағзым және құрмет көрсетуде. Ұлылығымның, құдыретімнің хаққы үшін, мен де құлдарымды кешіріміме қауыштырдым”».

«Шабан менің айым, Ражаб Аллаһу та’аланың айы, Ал Рамазан менің үмметімнің айы. Шабан айы күнәларға кәффарат айы, ал рамазан күнәлардан тазалаушы ай болып табылады».

Шабан айында күші жететін, мүмкіншілігі бар адамның ораза тұтуының үлкен сауап екендігі білдірілген. Бірақ бұл оразаларды тұтқанда харамнан, күнә істеуден де қатты сақтану керек.

Шабан айында ораза тұтудың сауабы былай білдірілген:

«Кімде-кім Шабан айында үш күн ораза тұтса, Хақ та’ала жаннаттан оған бір орын дайындайды».

«Кімде-кім Шабан айында бір күн ораза тұтса, ол құл жаһаннам азабынан құтылып, дүние және ахырет үшін қалаған мәртебе және дәрежеге қауышады. Егер екі күн тұтса, қабірде бір періште оған жолдас болады. Егер үш күн тұтса, Хақ та’ала ол құлды қиямет күнінде әулиелердің қасына қосып, жаннатта ол құлына жамалын көруді нәсіп етеді».