Әңгіме... Күлше нан
Ертеде бір патша өмір сүріпті. Бір кезде патша сарайында қайыр сұрағандар көбейіп кетеді. Сонда патша қайыр сұрағандарға тіпті бір тілім нан бергеннің екі қолы кесіледі деп үкім шығарыпты.
Содан бір күні керуені тоналған саудагер бір үйдің есігін қағады. Есікті жас әдемі қыз ашады. Әлгі саудагер ішетін су мен нан сұрайды. Сонда қыз: - Егер сізге нан берсем патшам екі қолымды кеседі,- дейді. Әлгі саудагер: - Мен қайыршы емес саудагермін, керуенім тоналып осы жақа әрең жеттім, - дейді. Үй иесі тәуекел деп су мен екі күлше нан әкеп береді. Бұл оқиға патша құлағына жетеді. Патша ашуланып қызды тауып екі қолын кестіріп тастайды.
Содан бір күні патша ауыл кезіп жүргенде бір үйден әдемі дауыстар шығады. Барып қараса қолдары жоқ әлгі қызды көреді. Мән жәйді сұраса өзінің бұйрығымен екі қолының кесілгенін біледі. Патша ісіне өкініп қызға ұсыныс жасап некесін қиып үйленеді. Ай күні жетіп ұлды болады. Бірақ қыздың реніші басылмай, сарайға сыймай ұлын алып қашып кетеді. Қатты шөлдеп ағын судан су ішпекші боп еңкейгенде сәбиі суға ағып кетеді. Сонда әйел «Я Раббым, сәбиімді құтқаршы» деп жалбарынады. Сонда екі періште адам кейпінде келеді, бірі дұға етіп өзенді кері ағызып сәбиді алып шығады. Екіншісі әйелге қолдарын суға салуды бұйырады. Қолдарын суға салғанде кесілген жерінен Аллаһтың құдыретімен қайта өсіп шығады. Әйел баласын қолына алып құшақтап әлгі адамдардың кім екенін сұрайды. Сонда олар: - Бізді танымадың ба? Біз сенің әлгі саудагерге садақа етіп берген суың мен наныңбыз, садақа түрлі жамандықты қайтарады, - деп көзден ғайып болыпты.