Untitled Document

Сұхбат... Жалған пайғамбарлар (1)

Әсуад ибн Абсан. Жалған пайғамбарлар пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның көзі тірісінде-ақ шыға бастады. Солардың алғашқысы – Әсуад ибн Абсан еді.

Әсуад сиқырмен айналысып қана қоймай, шешендігінің арқасында адамдарды баурап алды. Ол көптеген йемендік тайпаларды жеңіп, оларды бағындырды. Ардақты пайғамбарымыз алейһиссалам тағайындаған сол аймақтың Шахр есімді әкімін өлтіріп, әйелін тұтқындап, күштеп әйелдікке алады. Алайда, 4 ай өткеннен кейін Шахрдың әйелінің қолынан қаза тауып, өзі де, ілімі де ұмытылады.

Мусәйләмә әл-Кәззаб. Аллаһ елшісінен өзін «оған тең пайғамбар» деп тануды талап еткен тағы бір адам Бәну Ханифа атты тайпадан шыққан Мусәйләмә әл-Кәззаб болды. Ол өзінің пайғамбарлыққа қатысы бар екенін айтып, Пайғамбарымызға алейһиссалам хат жазады. Бұдан бөлек, ол хижра жыл санауы бойынша оныншы жылы Медина қаласына барып, пайғамбарымыздан өзін мұрагері етіп тағайындауын талап етеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам талабынан бас тартып, оны өтірікші деп атайды.

Осы жағдайдан кейін де Мусәйләмә тәубесіне келмей, адамдарға өзінің пайғамбар екенін дәлелдеуге тырысады. Өз бетінше өлең жазып, ғажайыптар көрсете аламын десе де, бұл әрекеттерінен түк шықпайды.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін әділетті халифа Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) сөздеріне қарамастан, кейбір адамдар Мусәйләмә әл-Кәззабтың маңына жиналады. Ақыр соңында мұсылмандар мен Мусәйләмә әскерінің арасында соғыс болып, жалған пайғамбар хазреті Уахшидың найзасынан қайтыс болады.