Сұхбат... Жалған пайғамбарлар (2)
Сәжах Харис ибн Сууәйд (әйел). Мусәйләмә әл-Кәззабпен бір уақытта Бәни Тәмим тайпасынан шыққан Сәжах Харис ибн Сууәйд есімді әйел өзін пайғамбармын деп жариялайды. Мусәйләмә оның тайпасының күшінен қорқып, Сәжахқа сыйлықтар жіберіп, кездесуге шақырады. Кездесу барысында олар келісімге келіп, некелерін қияды. Осы сәттен Сәжах Мусәйләмә әл-Кәззабтың «пайғамбарлығын» мойындайды. Мусәйләмәнің тірі кезінде Сәжах оның жанында болып, ол қайтыс болғаннан кейін іс-әрекеттеріне өкініп, тәубеге келіп, мұсылмандыққа бет бұрды деген деректер бар.
Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди. Халифа Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) уақытында Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди есімді адам өзіне Жәбірейіл періштенің аян түсіріп жүргенін мәлімдейді.
Бірде шөлден өтіп бара жатқан кезде су қоры таусылып, әл-Асади өзінің қасындағыларға бірнеше шақырымнан кейін бұлаққа кездесетінін айтып, болжамы дұрыс шығады. Бұл оқиғадан кейін Туләйха өз тайпасында танымал адамға айналып, көптеген адамдар оның табиғаттан тыс қабілетіне сене бастайды. Тайпаластарының қолдауына ие болған Туләйха Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) қарсы бас көтереді. Мұсылмандардың әміршісі оған қарсы Халид ибн Уәлидті (радиаллаһу анһ) бастаған әскерді аттандырады. Шайқас басында Туләйха қашып кетеді. Ол өзінің қорқақтығын «аян алуым» керек еді деп ақтайды. Біраз уақыттан кейін жақтастары келіп, одан аян туралы бірнеше рет сұрайды. Туләйха жауап бере алмағаннан кейін, тайпаластары оны жалған пайғамбар деп жариялайды.
Нәтижесінде, бүлікшілер шайқас даласын тастап кетеді. Туләйха Шам жеріне қашады. Уақыт өте келе ол Арабияға оралып, күнәларына өкініп, мұсылман атанады.