Сіз білесіз бе? Ислам ғұламаларын Аналары қалай тәрбиелеген? (2)
Имам Суфиян Сәуридің анасы. Суфиян Сәури – арабтың фиқһ және хадис ғалымы. Хадис ғылымында мұсылмандар әміршісі мәртебесіне жеткен. Суфиян Сәуридің ғылым шыңын бағындыруда анасының еңбегі мол еді. Суфиян – анасының жылдар бойы төккен маңдай терінің жемісі. Баласының жақсы тәрбие алуы үшін анасы аянбай еңбек етті. Өзі бұл жайлы: «Білім жолына түскім келген кезде: Уа, Раббым! Маған күнелтетін қаражат қажет. Ал, білім болса құмға құйған су сияқты тарап бара жатты. Мен уақытымды білім алуға арнаймын деп шештім. Сонда Аллаһтан ризық-несібемді жеткіз деп дұға еттім» дейді. Суфиянның анасы: «Балам! Оқы, білім ал. Мен ұршығыммен сенің наныңды тауып беремін» деп баласының білім алуы үшін аянып қалған жоқ. Баласының қарнын тоқ, көйлегін көк етумен шектелмей үнемі ақылын айтып, білім алуға деген құштарлығын қайрап отыратын. Анасы бір сөзінде: «Ей, балам! Егер он әріп жазып жүрегіңе үңілгенде онда тақуалығың, жұмсақтығың және байсалдығын артпаса, бұл ілімің саған пайдасынан зияны көбірек болады» деген екен. Міне, осындай ана Ислам әлеміне үлкен ғұламаны тәрбиелеп жеткізді.
Имам Бұхаридың анасы. Имам Бұхаридың әкесі дүниеден ерте өтіп, анасының тәрбиесінде болды. Ол өте кішкентай кезінде көру қабілетінен айырылған еді, оның анасы ол үшін өте көп дұға ететін. Бір күні түсінде Ибраһим алейһиссаламды көреді, ол оған: «Сен өте көп дұға етіп сұрағандықтан, Аллаһ сенің балаңа көзін қайтарды», - деген. Шынымен де келесі күні олардың қайғылары қуанышқа айналып, баланың көзі көре бастайды. Анасы онымен бірге мешітке барып, оны ғалымдардың сабағына жіберді. Ол ұлы ғалым болды және оның хадистер жинағы Алланың кітабынан кейінгі ең сенімді кітап болып табылады.