Әңгіме... Алғашқы оразам (1)
Қатты шаршап-шалдыққандықтан осында түнеуге бел будым.
"… Өмірімде елестете алмайтын мұншалықты сұлу тауда қалай пайда болып қалғаныма еш ақылым жетпейді. Жантая жатқан халде оң жағымнан жүзіп келген ақ ұлпа бұлт үстіне құлай кеттім. Ақ ұлпа бұлт мені қарсы беттегі тік жартасқа оп-оңай алып келді. Ол жерден төмендегі көздің жауын алар табиғатқа көзім түсті. Тау баурайынан ағып өтуші дария бойындағы жазықтықта мен білмейтін бір мереке өтіп жатты. Ол — қуаныш сыйлаушы мейрам, мен көрген мерекелердің еш қайсысына ұқсамайтын. Мерекеге қатысушылар орындаушылар әміріне мойынсұнуларынан өте қуанышты еді. Олар Мизам таразысынан өткен, Аллаһ жарылқаған мүмин-мұсылмандарға ұқсайтын. Дария бойындағы қақпадан бір кісі шығып, орындаушы періштелер алдында тұрғанына көзім түсті. Сол сәтте жеті қат көк бойлап керемет үн таралды:
— Мүминнің амал дәптерін оқы! Періште амал дәптерді ашып, оқи бастады:
— Есімі Мүмин, Мұсылманның ұлы, тірілігінде диханшылықпен шұғылданған. Соңғы пайғамбар Мұхаммедтің алейһиссалам үмбеті. Барша бірдей Пайғамбар алейһиссаламға салауат айтқан соң:
— Сауапты істерін жарияла! — деген керемет үн құлақ тұндырды.
— Диханшылықпен бірге, көшелерді жолаушыларға кедергі келтіретін бұталардан тазалап тұрған, мешіт ауласын сыпыруды әдет еткен.
Осы амалдары айтылған сәтте Ухуд тауына тең келетін бір ыдысқа сауап толды. Он жыл бойы таң намазынан қайтарда бекетті сыпырып тұрған, бұл қайырлы ісін ешкімге білдірмеген. Сол себепті амалына жазылған сауап жеті жүз есеге арттырылған, Мизам таразасында сауабы басым болған.
— Сыйын есіт! — дегенде көкте қызыл жолды нұр пайда болды. Күш және қуаныш бағыштаушы үн жәнеде қаттырақ шықты!
— Бұл мүминді қызыл нұрлы жолмен Дарус-сәләм жәннәтына кіргізіңдер.
— Аллаһқа сансыз мадақтар, Пайғамбарымыз алейһиссаламға салауаттар болсын, — деді жәннәттық қуаныштан беті бал-бұл жайнап.
жалғасы ертең...