Әңгіме... Алғашқы оразам (3)
Орындаушы періштелер кемпірді сол жолмен жәннәтқа бастады. Кемпір жол бастаушымен жәннәтқа бұрылған сәтте жас қызға айналды. Олардың баршасы Аллаһқа мадақ, Пайғамбарымызға алейһиссалам салауат айтты. Кейін және бір кісі шықты.
Міне ғажап, оның бет-бейнесі маған ұқсайтын, тек жасы егделеу екен. Менің және әкемнің есімі айтылды.
— Оқы! делінді. Амал дәптерімнен оқылды: — Ол — ораза ұстаушы.
Сол сәтте мерекені басқарушы періште барлық құжаттарды жинастырып, періштелерге белгі берді, барлық періште бірдей: «Аллаһу акбар!» деп мақтау айтты. Сол сәтте баршасы ғайып болды. Басқарушы періште төмендегі сөздерді оқыды: — Ораза ұстаушы мүминнің сауабын тек Аллаһу тa’аланың өзі береді. Бұл сый баршасынан қайырлы. Ораза ұстаушыларға жәннәттың хош иісті және сұлулықта теңдессіз «Раййан» қақпасы ашылады. Аллаһтың қалауымен бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаһтың жүзін көру нәсіп етсін!". Періштелердің: «Жалла жалаллаһу!», деген үндері естілді. Кенеттен бір періште келіп, қолымнан тарта бастады:
— Сіз туралы айтылды, жүріңіз оның алдына… Сол сәтте құлағыма әкемнің үні келді:
— Тұр ұлым - деп маңдайымнан сипады. — Тұр енді, сәресін ішеміз, қасиетті Рамазан басталды…
Осы қайырлы түстен соң мен әлі күнге дейін оразамды қаза етпедім, маңдайымды сәждеден ажыратпадым. Сол таң менің ең алғашқы оразам болатын.