Рамазан сұхбаты... Екі қыздың оразасы
Пайғамбарымыз алейһиссалам бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:
– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!
Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:
– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.
Алайда рұқсат берілмеді.
Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз:
– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.
Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға білдіргенде, ол:
– Құдіреті күшті Аллаһу та’аламен ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.
Сұхбат...
Бес нәрсе
Хазреті Әбу Бәкір былай деді:
Қараңғылық бес нәрседе. Олардың жарықтануы да бес нәрседе:
– Дүниені жақсы көру қараңғылық, ал мұның жарықтануы тақуалықта.
– Күнә істеу зұлымдық, ал мұның шырағы тәубе етуде.
– Қабір қараңғылық, ал мұның жарығы «Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдун расулуллаһ» деп айту.
– Ахирет қараңғылық, ал мұның шырағы жақсы амалдар.
– Сырат көпірі қараңғылық, ал мұның шырағы ахиретке яқинен (көріп тұрғандай) сену.