Сіз білесіз бе? Құранда аты аталған алты жеміс (1)
Құрма. «Құрманың діңін өзіңе қарай сілкі. Саған жаңа піскен құрма түседі. (Құрмадан) же, су іш әрі тыныштыққа бөлен!» («Мәриям» сүресі, 25-26 аяттар).
Құрманы түрлі минералдар мен дәрумендердің қоймасы десек, артық айтқандық емес. Оның құрамында мыс, темір, магний, мырыш, марганец, фосфор, натрий, алюминий, кадмий, кобальт, күкірт, бор т.б. минералдармен қатар алмада, бананда, апельсинде жоқ 23 амин қышқылы бар. Сондай-ақ А, В1, В2, В3, В6, PP дәруменіне де өте бай. Ғалымдардың зерттеуінше, 10 түйір құрма адамға магний, мыс және күкірттің тәуліктік мөлшерін бере алады.
Ер адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына бейім келетіні бүгінде ешкімге жасырын емес. Мұны статистикалық деректер де растайды. Ал құрмада көп мөлшерде кездесетін калий жүрек бұлшықетінің жұмысын жақсартып, қысымды қалыпқа келтіреді. Магний күйзелісті жеңуге көмектеседі. Сондықтан дәрігерлерер адамдарға құрманы көбірек жеуге кеңес береді.
Інжір. «Ант етемін інжір және зәйтүнмен» («Тин» сүресі, 1-аят).
Інжір де түрлі дәруменге бай. Атап айтсақ, құрамында C, B1, B2 дәрумендерімен қатар каротин, кальций, калий, фосфор, қант пен пектин бар. Інжірдің құрамындағы эфир майы қанның қоюлануына жол бермейді. Інжір фармацевтикалық құндылыққа ие болғандықтан, адам денсаулығында ерекше рөл атқарады. Інжір қақырықты түсіріп, тамақ, кеуде, суық тию, тұмау ауруларының алдын алады. Жөтелді басуға көмектеседі. Інжірдің жүкті немесе бала емізетін аналар үшін орасан зор пайдасы бар. Інжір қан қысымын төмендетуге, қандағы қант деңгейін бақылауға көмектеседі. Бірінші дәрежелі қант диабетімен ауыратын он адамға таңғы асқа інжір жапырағынан әзірленген шай берген кезде олардың инсулинге деген қажеттілігі төмендеген.
Інжір жүректің жақсы жұмыс істеуіне әсер етеді. Себебі құрамында калий көп болғандықтан, жүрек-қан тамырлары ауруларына таптырмас ем. Мұны бүгінде медицина ғылымы да растайды. Ислам тарихшыларының айтуынша, Ескендір Зұлқарнайын жорыққа шыққанда ас орнына пайдасы мол, алып жүруге ыңғайлы әрі тойымды азық ретінде осы інжірді көп пайдаланған екен.