Сұхбат... Жақсылыққа жақсылық
Жақсылық жасаған адамның жақсылығы мал-мүлік немесе қызмет арқылы қайтарылады. Мұны жасай алмаған адам алғысын айтып, ол үшін дұға етеді. Жақсылықты қайтармаған адамды жамандайды, ренжітеді. Өйткені, жақсылыққа жақсылық жасау адамдық міндет болып табылады. Олай болса, барлық жақсылықты жасаған, ең үлкен жақсылық ретінде жоқтан бар еткен, ең әдемі сипат берген, керекті мүшелер мен күш берген, барлығын бір үйлесімділікпен жұмыс істетіп, денсаулық берген, ақыл мен зейін берген, бала-шаға, үй, тамақ, киім берген және әрдайым жоқ болудан, дұшпаннан, аурудан сақтаған, бізге ешқандай мұқтаждығы жоқ, шексіз күшке ие Аллаһу та’алаға шүкіршілік етпеу, құлдық міндетті орындамау қандай айып, қандай зұлымдық? Сондай-ақ, Оған және нығметтердің Одан келгеніне сенбеу немесе оларды басқадан келді деп білу ең үлкен зұлымдық, арсыздық болар еді.
Біреудің барлық қажеттілігі қамтамасыз етілсе, ай сайын жеткілікті ақша, азық-түлік беріліп тұрса ол берген адамды барлық жерде мақтап жүреді. Күндіз-түні оның сүйіспеншілігіне ие болып, оның көңілін аулауға тырыспай ма? Бұларды жасамаса, жақсылық жасаған адамға мән бермесе ел оны айыптамай ма?
Жақсылық жасаған адамға осылай көңіл бөлінетін болса, барлық нығметтің, барлық жақсылықтың нағыз иесі, барлығын жаратқан, жіберген Аллаһу Тағалаға шүкірлік ету, Оның қалаған нәрселерін жасау қалайша қажет емес? Әрине, бәрінен бұрын Оған шүкіршілік етіп, Оған ғибадат жасау керек. Өйткені, Оның нығметтерінің қасында басқалардың жақсылығы теңіздің қасындағы бір тамшы да емес.