Оқиға... Үміт пен күдіктің арасында
Тақуа кісілердің бірі Сануси өзін сәт сайын Аллаһу та’аланың бақылап тұрғанын сезінгенде, жанын қоярға жер таппай кететін. Өйткені, Жаратушыдан қатты қорқатын. Күнара ораза ұстайтын. Қолындағыны қанағат тұтатын, өзі бермесе, ешкімнен көз сүзіп ештеңе сұрамайтын. Ораза ұстаған кей күндері: «Аузың берік пе?», – деп сұрағандарға: «Шынымды айтсам… ораза ұстадым деп те, ұстамадым деп те айта алмаймын», – деп күмілжи жауап беретін. Ораза ұстағандықтан «ұстамадым» дей алмайтын. Алайда, менікі қабыл болатын кәміл оразаға жата ма, жатпай ма деген іштейгі күдікпен «ұстадым» деуге де ауызы бармайтын.
Оның рухани тереңдігін білмейтіндер: «Өзіңнің ауыз бекітіп, бекітпегеніңді білмейсің бе?», – дегенде, ләм-мим деп жауап берместен, ол жай ғана күлімсірейтін де қоятын.
Оқиға...
Қуған жетпес, бұйырған кетпес!
Бір адам құдыққа түсіп кетеді. Адамдар жабылып жүріп оны құдықтан шығарып алады. Зәресі ұшқан адам сөйлеуге мұршасы келмей қалшылдап: «Құдыққа түсіп кеттім. Құдыққа түсіп кеттім», – дей береді.
Қасындағы бір адам оған ентігін бассын деп бір кесе сүт әкеліп береді. Ол сүтті ішіп алып, адамдарға құдыққа қалай түскенін әңгімелей бастайды. Қалай құлағанын көрсетейін деп құдықтың шетіне келе бергенде аяғы тайып кетіп, қайтадан құдыққа құлап мерт болады.
Адамдар болған жайтты бір ғалымға айтып бергенде, ол: «Е-е-е, бірінші құлағанда оның дүниеде бір кесе несібесі қалып қойған екен ғой. Соны ішкеннен кейін ризық-несібесі тәмамдалып, қайта құдыққа түсіп қаза болды», – деп түсіндіріпті.