Untitled Document

Әңгіме... Қайырымды қасқыр

«...Бір күні аңға шықсам, түлкіге құрып қойған қақпаныма бауырын жаңа ғана көтерген қасқырдың бөлтірігі түсіп қалыпты. Атып алуға қимай босатып қоя бердім. Бостандыққа қолы жеткенін сезді ме, кішкене бөлтірік сынған аяғын сүй­рете томпаңдап жүгіре жөнелді. Келесі жыл­ғы қыста аң аулап жүріп, аттан құлап ая­ғымды сындырып алдым. Қатты құла­ғаным сонша есімнен танып қалыппын. Әлдебір уақытта есімді жинадым, ауру­ханада жатыр екенмін. Дәрігерлердің айтқанына сенгім келмеді. Аттан құлап есімнен танған мені, екі қасқыр ауылдың шетіне дейін сүйретіп әкеліп тастапты. Қасқырдың бірі аяғын сылтып басады екен, шамасы ақсақ көрінеді, – дегенде есіме сарт етіп баяғы қасқырдың қақпанға түскен бөлтірігі түсті. Қасқыр екеш, қасқыр да менің жаса­ған жақсылығымды ұмытпағаны ма, сон­да?

Айдалада майырылып жатқанда, өзім құтқарған бөлтірікпен кездестіріп, аң мен адам баласының түсінісе ала­тынын, екеуінің де Табиғат-ананың бала­сы, мына «Фәни дүние» атты бір отба­сының мүшесі екендігін іштей, еріксіз мой­ындатқан Жаратқан Иеміздің шебер­лі­гіне қайран қалдым...

Әңгіме...

Алып анадан туады

Батыр Ханбас Қазақ-қалмақ соғысы жүріп жатқанда ауыр жараланып туған жері Көкшетауға аз уақытқа демалуға келеді. Үйінің төрінде төсек тартып жатқанда ақылымен, туралығымен, өткір сөзімен атағы алысқа кеткен Би Ана аталған анасы кіріп келіп:

- Неге оралдың ұлым?- депті. Сонда Ханбас Батыр басын көтеріп:

- Жаралымын Апа! Жазылсам қайта қолыма барып қосыламын,- дейді. Анасы Айпара би баласының маңдайынан сүйіп, жарасын сипап, былай дейді:

- Сенің жараң, Сен туардағы қинала жан ұшырып айқайлағанда көзімнен шыққан қос тамшымен тең, құлыным!- дегенде, Ханбас Батыр атып тұрып:

- Кешір, Апа! Бұл қателігімді немен жуайын?- деп, анасының аяғын құшақтапты.