Айт сұхбаты... Құрбандықты қашанға дейін союға болады?
1- Құрбандық малды айттың үшінші күні күн батқанға дейін союға болады. Айт намазынан бұрын союға болмайды.
2- Жұма намазы оқылмайтын «мәзра» деп аталатын кішкентай ауылдарда фәжрден (таң шуағы ағарғаннан) кейін, яғни айт намазынан бұрын да союға болады. Түнде құрбандық сою рұқсат болса да мәкрух болады.
3- Шафии мазһабында айттың төртінші күні де союға болады. Бірнеше адамға уәкіл болып бір себептермен (үзірмен) айттың үшінші күні де құрбандық соя алмаған адам, Шафии мазһабын тақлид етіп төртінші күні де союына болады.
4- Нәпіл, ақиқа және аталған (нәзір) малды кез-келген уақытта союға болады. Бірақ құрбан айтта сойған жақсы болады.
5- Айт жұма күніне тура келетін болса да, құрбандық мал айт намазынан кейін сойылады.
6- Құрбан айттың үшінші күні кедей болатынын немесе сапарға шығатынын білетін адамға бірінші күні құрбандық шалу уәжіп болмайды. Сойған жағдайда уәжіп етіп орындаған болады.
7- Кедей айттың бірінші күні бір қошқар алып сойғаннан кейін үшінші күні байыса қайтадан құрбандық шалуы керек емес. Уәжіпті орындаған болады. Үшінші күні бай болатынын білетін адам да құрбандығын бірінші күні союына болады.
Мал сойғанда мәкрух болатын нәрселер
1- Құрбандық малды соятын жерге сүйретіп апару, себепсіз жәбірлеу.
2- Пышақты малды жатқызғаннан кейін қайрау және біреуін екіншісінің көз алдында сою мәкрух болады
3- Денесі суи бастамай тұрып, яғни тыпыршуы тоқтамай тұрып басын кесіп алу мәкрух болады.
4- Мал толығымен өліп тыпыршуы тоқтамай тұрып жұлынын кесіп басын алып тастау және терісін сыпыра бастау мәкрух болады.
5- Қамыс, тас секілді өткір заттармен сою,өтпес пышақпен союға тырысу мәкрух болады.
6- Туатын кезі жақын қалған малды сою мәкрух болады.
7- Ұрланған, тартып алынған пышақпен сою мәкрух болады