Untitled Document

Ғибрат... Қонаққа жақсы мәміле

Мұсылман адам досына, үйіне келген қонағына үйіндегі бар нәрсенің ең жақсысын береді, беруі тиіс. Бұл онсыз да дініміз арқылы біздің әдет-ғұрпымызға сіңген қасиет. Ал қонаққа жақсы мәміле жасамау болса, Аллаһу та’аланың ашуына себеп болады. 

Күндердің бірінде басқа қалаға іс сапармен келген саудагер моншаға барады. Моншаның отын жағып, ішін жуып жүрген қызметшінің өзінің бұрынғы ұстазына ұқсайтынын байқайды. Ұстазы ауылдың зиялы, беделді адамы болатын. Сол ма, ол емес пе деп таңданып қарап тұрғанында ұстазы жанына келіп: «Балам қателесіп тұрған жоқсың, мен сенің ұстазыңмын. Неге мұндай күйге түскеніме таңданып тұрған шығарсың, айтып берейін, сен де оны басқаларға айта жүр, ғибрат болсын» деп басынан өткендерді айтады: «Бір күні үйге қонақ келген болатын. Қонаққа балық тағамын ұсындым. Алайда оның алдына балықтың қылтығы көп бөлігін беріп, өзіме қылтығы аз бөлігін ажыраттым. Осы ісім Аллаһу та’аланың ашуына себеп болды. Осы күннен кейін жағдайым терісінен кетті. Нем бар болса, бәрінен айрылдым, ешнәрсем қалмады. Тіпті жан-тәнімен жақсы көретін шәкірттерім де мені жек көріп кетті. Бала-шағам мені тастап кетті. Еш жерден жұмыс таба алмадым. Дала кезіп жүріп, көріп тұрғаныңдай осы жұмыс маңдайыма бұйырды. Адамдарға мені айта жүр, ғибрат болсын және ешкім бұлай істемесін!» дейді.

Бұл жерде айта кететін жәйт, қонақты үйдегі күнделікті тұтынып жүрген тағамдардың жақсысымен күту абзал. Ысырыпшылыққа, қарызданып шашылуға, қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдыратындай әурешілікке салыну дұрыс болмайды.