Untitled Document

Сіз білесіз бе? Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кереметтері (1)

Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы кезеңінде күтушісі болған Намазұлы Әйтімнің айтуы бойынша.

...1928 жыл болса керек. Сол кездегі аумалы-төкпелі жағдайларға орай Ескелдідегі қыстауынан ұзап көшпей, қозы көш жерге ғана қотан аударып, киіз үй тіктіреді. Жақын-жұрағаттары бар бес-алты үй бас құрап, Ордабай құдығы деген жерде отырады.

– Жаз қуаңшылық еді, – дейді бұл жайлы кейін сырт шерткен Намазұлы Әйтім ақсақал (1890-1968). – Мәшекеңнің атын жегіп, үй шаруасына қолғабыс жасайтынмын. Бұдан бұрынғы жылдар жаңбырлы болды, биыл да құрғақшылық жылға қарамастан шөп қалың болды. Көделі жердің өзінен тоқты көрінбей, өлкеге өгіз жасырынарлықтай жайда еді. Жаз ортасына қарай найзағай жиі жарқылдап, қалың қара бұлт жерге бір тамбай өтіп жатты. Міне, сондай бір күндері қалың өрт басталды да кетті. Ауыл үстін қара түтін басып, мал-жан түтінге булығып қаларлықтай халге келдік. Қып- қызыл өрт жалыны жиі көрініс беріп, үдей соққан дауылды желден өрши түсті. Ауыл адамдары үрейге беріліп, үйлерін тастап, сулы құдық, терең апандарға барып бой тасалап жатты.
Өзінің алты қанат ақ үйінен табан аудармай отырып қалған жалғыз Мәшекең ғана болды. Ол кезде бәйбішесі дүние салған болатын. Бұрынғы әдетінше шай-суын, қымыз ұсынып жанында отырған тек үлкен келіні Ақзейнеп қана. Ләм-мим деп Мәшекеңе айтуға батылымыз бармайды.

жалғасы ертең...