Untitled Document

Шөп жемейтін қой болған ба?

Ертеде бір тақуа ізгі жан біреуге бір қойын сатыпты. Сатып алған кісі біраз уақыттан кейін қойды әкеліп тұрып, әлгі ізгі жанға:

– Қойыңды қайтып ал, себебі шөп жемейді – депті. Тақуа кісі:

– Шөп жемейтінін қайдан шығардың? – деп, сұрағанда, сатып алушы адам:

– Оны маған қатысы жоқ бір егінге жайылуға алып барып едім аузын ашпастан бірде-бір рет шөп жемеді – дейді. Сонда тақуа кісі оған:

– Ей, мырза жаңылыс істепсің! Біліп ал, кісінің еккен егінін жеу біздің қойларымыздың да әдеті емес. Адал тапқан ақшаңа сатып алған шөпті бер! – депті.

Әлгі кісі барып, айтқанындай істеп еді, қой шөп жей бастапты. Демек, өз заманында мұсылмандардың адал азық мәселесіне көңіл аударған жандардың иелігіндегі малдарына да әсері тиген.

Ризықтың адалын таңдау – өмірдің нұры, көңілдің қуанышы, құлшылықтың рухы әрі жүректің қалби сәлиммен жетуінің ең басты шарты. Харам ризықтар жан-дүниенің күйреуімен өкініштерге апарып соғады. Аллаһу та’ала біздерді адал ризық табуды нәсіп етсін! Әмин.

Суға кеткен тиындар

Сүт сатумен айналысатын шаһар тұрғыны соңғы кездері сүтке су қосып сата бастапты. Күндердің күнінде, әлгі сатушы көрші қаланың базарынан табыспен үйіне кемеде қайтып келе жатады. Жолда көзі ілініп кеткен саудагер оянса, тиын салатын әмияны орнында жоқ. Іздей бастаса, әмияны желкенге шығып алған мақұлық маймылдың қолында екен. Маймылға жалына кеткен саудагер қолын созып әмиянын сұрайды, бірақ маймылдың берер түрі жоқ. Ішінен тиындарды шаша бастайды: мақұлық бірін саудагерге лақтырса, бірін суға лақтырып ойнайды. Құдды бір табыстың тең жартысы суға тиесілі екендігінен хабардар еткен сияқты.