Денсаулық... Зімбірдің пайдасы
Зімбірдің (имбирь) пайдасы жайлы аз айтылған емес. Оның адам ағзасына пайдасы барын медицина дәлелдеген. Дегенмен зімбірді де дұрыс қолдану керегін ұмытпаған жөн.
Зімбірдің тамырында А, С, B1, B2, дәрумені мен магний, фосфор, темір, кальций, натрий, цинк және калий сынды минералды заттар, түрлі пайдалы амин қышқылдары бар.
Арықтауға көмектеседі. Зімбір қанды қыздырып, айналымын жақсартады. Соның арқасында асқазан жұмысы мен зат алмасу күшейеді де, адамдың арықтауына септігін тигізеді.
Тұмауды емдейді. Зімбірдің бактерия, вирус пен қатерлі ісікке қарсы тұрар қуаты мығым. Сондықтан зімбір шайын дайындап немесе зімбір мен эфир майын қосып ингаляция жасау арқылы тұмаудан тез сауығуға болады. Ал эпидемия кезінде зімбірдің адам иммунитетін қалыптастырудағы маңызы ерекше.
Қан қысымын түсіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, зімбір қан айналымын күшейтеді. Соның есебінен қан қысымы да төмендейді. Сондай-ақ миға оттегі айдауға көмектеседі.
Иммунитетті күшейтеді. Зімбірдің құрамында дәрумен көп. Әсіресе, В тобына жататын дәрумендер мол, аскорбин қышқылы мен ретинол бар. Ал бұлар адам иммунитетін күшейтуге жақсы көмектеседі.
Токсикоз бен улануды қайтарады. Зімбір қан айналымын жақсарту арқылы ішек спазмасын жеңілдетіп, содан тағам уытын тез қайтарады. Ол үшін зімбір кішкене бөліп алып шайнап, сумен жұту керек.
Кімдерге тұтынуға болмайды. Гастрит, асқазан жарасы бар адамдарға. Бүйрегінде тасы барларға. Дене қызуы жоғары кезде. Жүрек ауруы бар адамдарға. Жүктілігі екінші кезеңіндегі әйелдерге (Негізінен зімбір жүкті әйелдердің жерігін басуға септігін тигізетін өсімдік. Бірақ оны жүктіліктің екінші кезеңінде қолдануға болмайды. Өйткені қан қысымын көтеріп жіберуі мүмкін).