Untitled Document

Денсаулық... Тұмаудың алдын алу

Қыс мезгілінде тұмауратқан кісілердің көбейіп кететіні белгілі. Оның алдын алып, сақтана білген жөн. Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тобына кіретін вирус арқылы туатын жіті ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Тұмауратқан адамдардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл – заңдылық.

Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ, созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады.

Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауына немесе мерзімінен бұрын босанып қалуына ұшыратады. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар. Өкінішке қарай, дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек.

Тұмаудың алғашқы белгілері байқалған соң, дәрігерді үйге шақырған жөн. Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды.