Untitled Document

Сұхбат... Пайғамбар есімі

Пайғамбарымыздың заманында Шамда бір яһуди раввині бар еді. Бір күні ол Тәуратты оқып отырғанда кітаптың төртінші бетінде пайғамбарымыздың есіміне көзі түсті. Оның исламға деген өшпенділігі бар еді. Бұл бетті жыртып лақтырып жіберді.

Келесі күні де тәуратты оқып отырғанда пайғамбарымыздың есімін кітаптың сегізінші бетінен кезіктірді. Оны да жыртып өртеп жіберді.

Үшінші күні 20-шы беттен пайғамбарымыздың есімін оқыды. Бұл жолы ойлана бастады. Өз-өзіне; «Әр бетті жырта берсем кітапты тауысармын. Анығында мұнда бір хикмет бар» деді.

Осы кезде пайғамбарымыздың исламды жайып жатқанын естіді де ұзақ жол жүріп біраз уақыттан соң Мәдинаға келді. Бірақ пайғамбарымыз төрт күн бұрын өмірден өткен еді. Раввин яһуди мұны естігенде жылай бастады. Оны көрген хазреті Әли:

- Кімсің? Қайдан жүрсің? – деп сұрады.

- Мен бір яһуди раввині едім, Шамнан келдім.

- Тәуратта пайғамбарымыздың (алейһисалам) есімін көрген сайын кітап беттерін жыртып отырған сен бе? – деп сұрады.

- Иә, оны қайдан білдің?

- Сенің келетініңді Расулуллаһ хабар берген, – деді.

Раввиннің Ислам діні жайында еш күмәні қалмады және кәлима айтып мұсылман болды.