Untitled Document

Сұхбат... Көздің нұрын кетіріп, қарабет ететін күнә

Ер және әйел әрбір мұсылманның әр сөзінде, әр ісінде Аллаһу та'аланың бұйрықтарына, яғни парыздары мен харамдарына мән беруі қажет. Аяти каримада былай делінеді:

«Ей, Расулым, мүминдерге (иман еткендерге) айт, харамға қарамасын және әурет жерлерін харамдардан қорғасын! Иманды әйелдерге де айт, харамға қарамасын және әурет жерлерін харамнан қорғасын!» (Нұр 30)

Құран кәрімде «Фухштың (ұятсыздықтың) ашығына да, жасырынына да жақындамаңдар!» делінген. (Әнам 151)

Жүнәйд Бағдади хазреттің басқа қалада тұратын шәкірттерінің бірі айтып берген:

Бір күні базарда жүргенімде бір сұлу әйелді көріп, оған қайта-қайта қарадым. Кешке үйге келгенімде жұбайым менен:

- Отағасы, бүгін сенде бір оғаштық бар! Көзіңнің нұры кетіп, жүзің қарайып кетіпті. Не болды саған? – деп сұрады.

Айнаны алып қарасам, шынымен де жүзім мен көзім жұбайым айтқандай болыпты. Неліктен олай болғанын ойланып отырып, әлгі базардағы әйелге қарағанымды есіме түсірдім. Қатты өкіндім. Бір үңгірге қамалып, күндер бойы жылап, күнәмнің кешірілуін тілеп, Аллаһу та'алаға жалбарындым. Сонда да көңілім толмады. Кейін Жүнәйд Бағдади  ұстазымды зиярат ету ойыма келді. Бағдатқа қарай жолға шықтым. Шәйхымның үйіне барып, есікті қаққанымда іштен маған:

- Кел, ей Абдуллаһ! Сен базарда күнә істейсің, ал біз Бағдатта сен үшін истиғфар етейік, солай ма?! – деді.

Ішке кіріп, мүбәрәк қолын сүйіп, отырдым. Таңырқаумен қатар қатты ұялдым. Сөзін жалғастырып былай деді:

- Өкіну, тәубе ету – үлкен ниғмет. Жүрек көмектеспесе дене мүшелерінің діннің бұйрығына бағынуы өте қиын. Әулие-ғұламаларды жақсы көрмейінше жүректің көмегі тимейді. Бұларды тек Аллаһ адамдары ғана атқара алады. Әулиені жақсы көрген кісі мақұрым қалмайды...