Сұхбат... Жұма күні жасалатын амалдар
Сұрақ: Жұма күні мұсылманның орындауы керек болған қандай амалдар бар?
Жауап: Жұма намазына ғұсыл алу, хош иістер себіну, жаңа, таза киімдер кию, шаш, тырнақ алу сүннет болып табылады. Тырнақтарды жұма намазынан бұрын немесе кейін қырқу сүннет. Намаздан кейін қырқу абзалырақ. (Дуррул мухтар)
Хадис шәрифте: «Жұма күні тырнақ қырқу шипаға себеп болады» делінеді. (Әбушшәйһ)
Жұма күндерінде мына амалдарды жасау да жақсы болады:
1) Жұманы бейсенбіден бастап қарсы алу керек. Бейсенбі күні екіндіден кейін истиғфар ету керек.
2) Жұма түні жұбайымен бірге ғұсыл алу керек.
3) Жұма намазына ерте барып, алғашқы саптардан орын алу керек.
4) Аз болса да, садақа беру керек.
5) Жұма күні дұғаның қабыл болатын уақытын табу үшін үнемі ғибадат жасау керек.
6) Жұма күні көп салауат айту керек.
7) Өмірден өткен ата-ананың және әулиелердің қабірлерін зиярат ету керек.
8) Жұма күні қуану, кездескен мұсылмандарды жұмамен құттықтау жақсы болады.
9) Жұма күндері және әр күні мына (истиғфар) дұғасын көп оқу керек:
«Аллаһуммағфир ли уә ли абаи уә уммәһати уә ли әбнаи уә бәнати уә ли ихуати уә әхауати уә ли амами уә аммати уә ли ахуали уә халати уә ли зәужати уә әбәуәйха уә ли әсатизәти уә лил мү'минина уәл мү'минат уәл хаиду лиллаһи Раббил аләмин!»
Әйел оқыса, «зәужати» орнына «зәужи» және «әбәуәйха» орнына «әбәуәйхи» деп оқуы керек.
10) Екіндіден кейін жайнамаздың үстінде қолдан келгенше «Йа Аллаһ, йа Рахман, йа Рахим, йа Қауи, йа Қадир» деп оқып, кейін дұға ету керек.